Түркияда полицияға шабуыл жасаған 16 адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Шанлыурфа провинциясында орналасқан Халфети қаласында наразы халық муниципалитет ғимаратының дәл алдында полициямен қақтығысты, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Мардин, Батман және Халфети қалаларының мэрлері лаңкестік құрылымдармен байланысы бар деген күдікке ілініп, қызметінен босатылғаннан кейін жергілікті тұрғындар муниципалитет ғимараттары маңында наразылық шеруіне шықты.
Полиция ғимараттардың жанында қауіпсіздік шараларын күшейтті, бірақ муниципалитеттерге басқа адамдардың тағайындалуы тұрғындардың теріс реакциясын тудырды.
Осындай текетірес кезінде бір топ адам тәртіп бұзушылықтың алдын алуға тырысқан полицейлерге тас лақтыра бастады. Тәртіпсіздік салдарынан 16 адам ұсталды. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын бастап, заңсыз әрекеттерге қатысқандарды жауапқа тартатын болады.
Жергілікті билік заң талаптарын сақтау керектігін айтып, тұрғындарды сабырға шақырса, құқық қорғау органдары аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге уәде беріп отыр.
Түркиядағы мұнай өңдеу зауытында жарылыс болғанын жазған болатынбыз.