Түркияда Режеп Ердоғанның қатысуымен Палестинаны қолдау митингі өтуде

митинг
Фото: Yeni Şafak

Ыстанбұлда бірнеше жыл бұрын жабылған Ататүрік әуежайы аумағында көптеген адамның қатысуымен Палестинаны қолдауға бағытталған санкцияланған ауқымды митинг өтуде, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған елдің барлық азаматтарын Палестинаны қолдау митингіне қатысуға шақырған болатын.

«Ұлтымыздың әрбір өкілін бүкіл әлемге палестиналық бауырларымызбен ынтымақтастықты көрсету үшін «Үлкен Палестина митингіне» шақырамын», – деді Р.Ердоған.

Сонымен қатар Түркия бірнеше елдердің басшыларын Палестинаны қолдау митингісіне шақырған. Бұл акцияға Сауд Арабиясы, Мысыр, Ливия, Ливан және Иордания басшылары шақырылғаны айтылуда.

Ел билігі ұйымдастырған Израильдің Газа секторындағы әрекеттеріне қарсы манифеске Түркияның жоғары лауазымды тұлғалары, шенеуніктері мен ірі кәсіпкерлері қатысып жатыр.

Режеп Тайип Ердоған жұбайы Эмине Ердоғанмен бірге ондаған мың азамат алдында сөз сөйледі. Митинг Құран сүрелерін оқудан басталып, саясаткерлердің мәлімдемелеріне ұласты.

Өз сөзінде Түркия басшысы әлемдік қауымдастықты Таяу Шығыс аймағында бірлескен күш-жігер жұмсауға шақырды. Әйтпесе оның айтуынша, барлығы бірінен соң бірі Палестинаның тағдырын қайталайды.

«Израильдің бұл аймақтағы «пешка» екенін бәрі біледі, оны уақыты келгенде құрбан етуге болады. Газа секторындағы қырғын – толығымен Батыстың ісі», – дейді Ердоған.

Осы уақытқа дейін Түркияның түкпір-түкпірінен Ыстанбұлға Палестина және Түркия туын ұстаған адамдар келіп жатыр. Биліктің айтуынша, митингіге 1,5 миллионға жуық адам қатысып жатыр. Қатысушылар плакаттар мен баннерлерді ұстаған және көптеген адамдар Израильге қарсы ұрандар айтуда.

Осыған байланысты қала бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ыстанбұл билігі көлік қозғалысының жұмысына түзетулер енгізді, ал бұрынғы әуежайға бет алған мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін қоғамдық көлік – тегін.

Митингінің ауқымы мен оған қатысатын адам санына қарағанда, бұл – Палестинаны қолдау бойынша өткен әлемдегі ең ауқымды акция.

Еске салайық, 7 қазанда Палестинадағы ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, елдер соғыс жағдайына көшкен болатын. 

Соңғы жаңалықтар