Түркияда салынып жатқан қонақүйдегі өрт сөндірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Аланья қаласында салынып жатқан қонақүй ғимаратындағы өрт басталғаннан кейін екі сағаттан соң толықтай сөндірілді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Аймақ губернаторы Фатих Уркмезердің ақпаратына сәйкес оқиға орнында болған барлық жұмысшы құтқарылды.
Өрт екі блоктан тұратын 12 қабатты үйден шыққан. Бұрын бұл ғимарат қонақ үй және резиденция ретінде пайдаланылса, соңғы уақытта қонақүйге айналу үшін жөндеу жұмыстары жүргізілді.
— Зардап шеккендер жоқ, 4 адам құтқарылды. Түтіннен үш адам зардап шекті, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Жақын маңдағы ғимараттарға қауіп төніп тұрған жоқ және ол жерде эвакуациялау қажет болмаған, — деп хабарлады губернатор.
Белгілі болғандай, жергілікті тұрғындар бірінші болып көмекке келіп, өртті сөндіруге тырысқан.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынды екі сағаттың ішінде ауыздықтап, сөндірді. Жоғарғы қабаттардағы адамдарды құтқару үшін көтергіш кран пайдаланылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Бұған дейін Түркиядағы қонақүйде болған өрттен қаза тапқандар саны 79 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.