Түркияда шахтада қаза болғандар саны 282 адамға жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Танер Йылдыз Сомадағы көмір шахтасында қаза болғандардың саны 282 адамға жеткенін хабарлайды.

Түркияда шахтада қаза болғандар саны 282 адамға жетті

Қазір апат болған жерде Денсаулық сақтау мен Отбасы және әлеуметтік саясат министрлері оқиғаны тікелей бақылауға алды. Ал 500 адамнан тұратын құтқару қызметі тәулік бойы шахта ішінде құтқару-іздестіру жұмыстарын жүргізуде, деп жазады 24 kz.

Күні кеше Маниса қаласына Үкімет жетекшісі Тайып Ердоған келіп, марқұм болғандардың отбасыларымен кездесіп, көңіл айтқан еді. Бүгін оқиға ортасына ел Президенті Абдулла Гүл келді. Ол әуелі жергілікті аурханаларға түскен жаралы кеншілердің хал-жағдайын сұрап, мемлекет тарапынан барлық жәрдем берілетінін айтты. Қазір ауруханаларда 80-нен астам әртүрлі деңгейде жарақат алған кеншілерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Ал 100-ден астам адам қазір терең шахтаның ішінде. Түркияда Сомадағы апатқа бүкіл халық қайғырып жатыр. Адамдар ортақ қасіретке өздерінше үн қатуда. Мысалы Эрзурум қаласында қант зауытының жұмысшылары мен Чанаккаленің құрылысшылары марқұм болғандардың рухына құран бағыштап, бір күндік жұмыстарын тоқтатты. Қазір апат орын алған Маниса қаласында қайтыс болған кеншілерді жер қойнына тапсыруда. Қаланың шетінен бейіт үшін 5 мың шаршы метр жер бөлініп, қала әкімшілігі жергілікті тұрғындардың көмегімен 80 адамдық қабір қазды. Манисада марқұмның туыстары жаназа рәсімін өткізіп жатса, Түркияның өзге аймақтарында студент жастардың қатысуымен наразылық шерулер өтуде. Измирлік жастар қаланың орталығына шығып, тәртіп сақшыларымен тікелей қақтығысқа түсуде. Мұндай шеру Анкара, Ыстамбұл мен елдің өзге өңірлерінде де көрініс тапқанын айта кету керек.