Түркияда стратегиялық мамандық бойынша 550 докторант білім алады
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия 20 зерттеу университетінде негізгі технологиялық бағыттар бойынша оқыту үшін 550 докторантты таңдайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған стратегиялық технологиялар саласында мамандар даярлаудың жаңа бағдарламасының басталғаны туралы жариялады. Оның айтуынша, бастапқыда 550 докторант орталықтандырылған емтихан арқылы таңдалып, ел бойынша 20 зерттеу университетіне оқуға жіберіледі.
Бағдарлама жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, чип технологиялары және озық компьютерлік жүйелер сияқты салаларды қамтиды. Ел билігі бес жыл ішінде ұлттық ғылым және технология экожүйесіне 3 мың жас зерттеушіні тартуға үміттеніп отыр.
- Біз ғылым, технология және жастарымыздың күшімен «Түрік ғасырын» құрамыз, - деп мәлімдеді Ердоған.
Бұл ретте ол мақсат – болашақ технологияларын дамытып, өндіре алатын күшті, гүлденген және толықтай тәуелсіз Түркия құру екенін атап өтті.
Түркия бүгінде өзінің жоғары технологиялық салаларын дамытуға және шетелдік өндірушілерге, әсіресе жартылай өткізгіштер өнеркәсібіне тәуелділігін азайтуға күш салып отыр.
Осыған дейін Түркия ғарышқа ай аппаратын ұшыруды жоспарлап отырғанын хабарладық.