Түркияда тағы бір табиғи апат: Ел енді су тасқыны салдарымен күресіп жатыр

None
Фото: AP Photo / Hakan Akgun
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында ғана жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияда табиғат тағы да тосын мінез танытты. Елдің оңтүстік-шығысындағы екі провинциясында қатты жаңбыр жауып, сел тасқыны жүріп, салдарынан 14 адам көз жұмды. Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Осыдан қырық күн бұрынғы зілзаладан есін жия алмай жатқан Түркия халқы енді су тасқынымен күресіп жатыр. 14 наурызда Түркияның оңтүстік-шығысындағы екі провинцияда қатты жаңбыр жауып, салдарынан су тасқыны болды. Сел ағыны провинцияның әкімшілік орталығының бірқатар көшесі мен даңғылын басып қалды.

Түркияның Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлудың мәлімдеуінше, Шанлыурфа қаласында су тасқыны салдарынан 12 адам, Адияманда 2 адам қаза тауып, 5 адамды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Анадолу Агенттігі

«Қазіргі уақытта 163 адамнан тұратын 10 топ 25 шақырымдық жолақта іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде, сонымен қатар сүңгуірлер де жұмылдырылған. Алайда қолайсыз ауа райы мүмкіндік бермей жатыр. Іздеу жұмыстарын жалғастырамыз. Сондай-ақ шығынды анықтау жұмыстары да басталды», - деп мәлімдеді Түркияның Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу.

Ол өз сөзінде азаматтарға су таситын жерлерден аулақ болуды ескертіп, әркім өз жерінде билік тарапынан жасалған ескертулерге құлақ асуы керек екенін тілге тиек етті.

Фото: Анадолу Агенттігі

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан жүздеген үй мен көлік су астында қалды. Үйлерін су басқан Шанлыурфа тұрғындары жатақханаларға орналастырылды. Аурухананы су басып, мектептерде сабақ тоқтаған.

Айта кетейік, қаза болғандардың басым көпшілігі – Шанлыурфа тұрғындары. Себебі мұнда жауын-шашын тәуліктік нормадан екі есе көп түскен. Оның үстіне бұл өңірде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Осы салаға тасқын судан келетін шығынды азайтуға бар күш салынып жатыр.

Фото: Анадолу Агенттігі

Провинцияның өрт сөндіру бөлімінің хабарлауынша, Вейсель Карани кварталындағы ғимараттардың бірінің жертөлесінде табылған бес адам сириялықтар болуы мүмкін.

Синоптиктердің сөзінше, аймақта бір тәулік ішінде 100 миллиметрден астам жауын түскен.Түркияның мемлекеттік метеорологиялық қызметі (TSMS) 14-20 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялап, бірнеше күшті жер сілкінісінен зардап шеккен оңтүстік-шығыс аймақ үшін қызғылт сары дабыл кодын жариялады.Жауын-шашын мол болуы мүмкін мұндай қызғылт сары кодталған провинциялар қатарында Адияман, Диярбакыр, Элазыг, Малатия, Кахраманмарас, Мардин, Сивас, Шанлыурфа және Килис облыстары бар.

Фото: Анадолу Агенттігі

Метеорологтардың айтуынша, Адияман және Шанлыурфа провинцияларындағы жауын-шашын кем дегенде тағы екі күнге созылады. Қазіргі таңда жауын-шашын салдарынан сыртқа шыға алмай қалған тұрғындарды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Түркияның Анкара қаласында бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммиті өтіп жатыр. Іс-шара жуырда Түркияның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында болған жер сілкінісінің салдарын талқылап, ұйымның төтенше жағдайлар кезіндегі күн тәртібін белгілеу үшін ұйымдастырылған. Жиын барысында Ұйымның апат пен төтенше жағдайлар менеджменті және гуманитарлық көмек саласындағы қызметінің басым бағыттары, соның ішінде табиғи апаттарға қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастықты үйлестіруге және нығайтуға қатысты мәселелер қарастырылды. Айта кетейік, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 49 мыңнан асқан.

Естеріңізге сала кетейік, Түркияда соңғы рет су тасқыны 2021 жылдың тамызында Қара теңіз аймағының солтүстік бөлігінде болған еді. Ол кезде де толассыз жауған жаңбыр көшкінге және өзендердің тасуына әкеліп, инфрақұрылымға, тұрғын үйлер мен кәсіпорындарға үлкен зиян келтірді. Түркияның Кастамона, Синоп, Бартин және Самсун сияқты бірнеше провинция зардап шеккен болатын. Су тасқыны салдарынан 82 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Мыңдаған адам үйлерінен эвакуацияланды, ал кейбір азаматтар электр қуатынсыз және таза суға қол жеткізе алмаған еді. Содан кейін Түркия үкіметі мен әскери қызметкерлер, төтенше жағдайлар қызметінің көмегімен ауқымды құтқару және көмек көрсету операциясын орындаған болатын.


Соңғы жаңалықтар