22:06, 20 Қаңтар 2015 | GMT +5
Түркияда «телефондарды тыңдау» ісіне қатысты 20 адам қамауға алынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер мен саясаткерлердің, атап айтқанда Түркия президенті Реждеп Тайып Эрдоғанның телефонмен болған әңгімелерін заңсыз тыңдады деген күдікпен тағы 20 адам қамауға алынды, деп хабарлады ВВС.
Қамауға алынғандардың көбі Түркияның телекоммуникациялар департаменті мен Ғылыми-технологиялық зерттеу кеңесінде жұмыс істеген. Олар іс бойынша кезекті рейдті өткізу кезінде ұсталды.
Былтыр дәл осындай айыппен ондаған адам қамауға алынған еді. Сонымен қатар, қаңтар айының бірінші аптасында құқық қорғау органдары заңсыз тыңдау ұйымдастырды деген айыппен полицияның 20 офицерін қамауға алған болатын.
Түрік үкіметі тыңдаумен айналысу қазіргі кезде АҚШ-та қуғында жүрген Фетхуллах Гюлен басқарып отырған оппозициялық науқанның бір бөлігі екенін мәлімдеді. Эрдоғаның пікірінше, Гюленнің мақсаты - Түркиядағы билікті ауыстыру. Гюленнің өзі болса тыңдау туралы іске қатысының жоқ екенін айтады.