Түркияда «Тобыл» мен «Торпедо» футболшыларының күштері тең түсті

АЛМАТЫ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Қостанайдың «Тобыл» футбол командасы Мәскеудің "Торпедосымен" спарингтік кездесу өткізді.

Түркияда «Тобыл» мен «Торпедо» футболшыларының күштері тең түсті

Қостанайлық команданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл ойында командалар қақпалардың ешбірінің «кілтін» аша алмай, 0:0 есебімен тарқасты. Сергей Масленов жаттықтыратын қостанайлықтар Қазақстан Премьер-лигасында өткен маусымда 6-шы орын алса, Борис Игнатьев баптайтын мәскеуліктер Ресей Ұлттық лигасында 2011/2012 маусымда 8-ші орын алған болатын.

Бұған дейінгі кездесуінде "Тобыл" Украинаның Полтова қаласының «Ворскла» командасымен кездесіп, 0:1 есебімен жеңіліс тапқан еді. Енді дүйсенбі күні бұл жиындағы ақырғы кездесуін Новокузнецк қаласының «Кузбас» аяқдопшыларымен өткізбек.