19:28, 23 Наурыз 2014 | GMT +5
Түркияда Twitter-ден кейін іле-шала Google DNS-сервис жүйесіне де тосқауыл қойылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия билігі Google іздеу жүйесінің DNS-сервисіне де шектеу қойды. Оны жергілікті тұрғындар тосқауыл қойылған Twitter-ге кіру үшін пайдаланып келген болатын, деп хабарлады РБК Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Түркия Премьер-Министрі Реджеп Тайип Эрдоған кеңсесі жария еткен мәлімдемеде бұл қадамның заңсыз жолмен алынған әрі жалған жазбаларды жария етіп отырған Twitter-ге қарсы алдын алу шаралар ретінде түсіндіруде.
Жария етілген мәлімдемеге сәйкес, билік аталған компания ел талабын толығымен орындаған жағдайда ғана Twitter-ді пайдалануға қойылған шектеуді алмақ. Айта кетерлігі, Twitter-ден алынған бейнероликтер мен стенограммаларды пайдаланушыларға таратып отырған Facebook пен YouTube-ге де шектеу қою қаупі төніп тұр. Айта кетейік, Twitter Түркиядағы жемқорлық дау-дамаймен байланысты материалдар мен құжаттарды орналастыруда басты алаң болып отыр. Ал оны Эрдоған өзіне және өзінің серіктестеріне қарсы бағытталған әрекет деп санауда.