Түркияда Ван Гог картинасы заңсыз сатылғалы тұрған жерінен тәркіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның солтүстігіндегі Токат провинциясының полициясы заңсыз саудаға түскелі тұрған картинаны тәркіледі. Алдын ала болжам бойынша ол белгілі голландиялық суретші Винсент Ван Гогтың туындысы болуы мүмкін.

Түркияда Ван Гог картинасы заңсыз сатылғалы тұрған жерінен тәркіленді

Milliyet газеті жазғандай, полиция ғаламтордан Ван Гог картинасының сатылатыны жөнінде хабарландыруды көрген. Олар сатып алушы ретінде хабарландыруды жариялаған адаммен байланысып, келіссөз жүргізген. Нәтижесінде сатушы ұсталып, картина тәркіленді.

Майлы бояумен салынған суреттің артқы жағында "Винсент Ван Гог, Гаага, 1882", " Далема музейі" деген жазулар болған. Өнер туындысы Токаттағы Газиосманпаш университетіне жөнелтілді. Онда жасалған алдын ала сараптамалар бұның Ван Гогтың суреттерінің бірі болу мүмкін екендігін көрсетті. Бұл картинаның қарындашпен салынған нобайы Амстердамдағы Ван Гог мұражайында сақталған.

Ван Гогтың ең қымбат еңбегі - "Доктор Гашенің портреті". Ол 1990 жылдың мамырында Christie"s аукцион үйінің саудасында 82,5 миллион долларға сатылған.