Түркияда жағдай тұрақталды - премьер-министр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия іске аспай қалған әскери төңкерістен кейін қайтадан қалыпты өмір кешіп жатыр, мемлекеттік органдар, банктер күнделікті режімде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы елдің премьер-министрі Бинали Йылдырым мәлім етті, деп жазады РИА Новости.
«Әскери төңкеріс әрекетіне нүкте қойылды. Оның сәтті болуына еш мүмкіндік жоқ еді. Біздің ел қайтадан қалыпты өмір кешіп жатыр. Бұл біздің ел үшін ғана емес, әлемдік демократия үшін де үлкен оқиға. Барлық мемлекеттік органдар, банктер күнделікті режімде жұмыс істеп тұр», - деді жексенбі күні Түркияның премьер-министрі Бинали Йылдырым журналистерге.
Естеріңізге сала кетейік, 15 шілде күні кешке Түркияда әскери төңкеріс әрекеті болды. Бірақ ол іске аспай қалды.
Оқиға кезінде қаза тапқандар саны 265-ке жетті. 104 бүлікші өлтірілген, қалған құрбандардың бәрі - бейбіт тұрғындар. Оның 20-сы бүлікшілер жағында болған. Жараланғандар саны - 1500-дей.
Бүліктен кейін 2389 адам тұтқындалды. Сондай-ақ, әр түрлі дәрежедегі 2745 судья жұмыстан босатылды. Олардың қатарында елдің Жоғарғы сотының судьясы Альпарслан Альтан да бар.