Түркияда жанар-жағармай бағасы өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда соңғы уақытта дизель отынының бағасы көтерілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі. 

бензин
Фото: Pexels

Дизель отынының бағасы шамамен 6,5 лираға өскеннен кейін оның бір литрі Ыстанбұлдың еуропалық бөлігінде 95,60 лираға, Анкарада 96,75 лираға, Измирде 97,02 лираға жетті. Ал бензиннің бір литрі тиісінше 80,26, 81,25 және 81,52 лирадан сатылды.

Соңғы бір айда жанар-жағармай бағасы айтарлықтай көтерілді. Ыстанбұлда бензин бағасы 8,87 лираға өсіп, өсім шамамен 12,4 пайыз болды. Ал дизель отынының бағасы 15,99 лираға көтеріліп, шамамен 20,1 пайыз артты.

Тамыз айында дизель отынының бағасы 2,92 лираға өсті. Ал 1 қыркүйекте арнайы тұтыну салығы өскеннен кейін ҚҚС-ты есептегендегі баға тағы 3,60 лираға көтерілді. Бұдан кейін дизель отыны 15 қыркүйекте қайта қымбаттады. Бензин бағасы да біртіндеп өсті. Соңғы рет 12 қыркүйекте оның литрі шамамен 3,20 лираға көтерілген.

Сала өкілдерінің айтуынша, жанар-жағармай бағасының өсуіне қалалар мен мұнай өңдеу кәсіпорындарының арасындағы қашықтық, сондай-ақ тасымалдау шығындары әсер етеді. Әлемдік нарықта бензин мен дизель отыны қымбаттай берсе, бұл Түркиядағы бағаның өсуіне, соның салдарынан халықтың күнделікті шығынының артуына әкелуі мүмкін.

Бұған дейін 2025 жылы Түркия халқының қарызы 4,4 трлн лираға жетіп, тарихи шекке шыққаны хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина