Түркияда жол апатына ұшыраған отбасына қатысты соңғы мәлімет белгілі болды – СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркияға саяхаттап барған қазақстандық отбасы жол апатына ұшырап, запдап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркияда жол апатына ұшыраған отбасына қатысты соңғы мәлімет белгілі болды – СІМ
Фото: İHA

«3 қыркүйекте Аланияда жол-көлік оқиғасы болып, қазақстандық отбасы зардап шекті. Жол апатынан оқиға орнында 1989 жылы туған әйел мен оның 2 жасар қызы қайтыс болды. Отағасы (1986 жылы туған) ауыр жағдайда реанимацияда жатыр. 2014 жылы туған ұлы да ауруханада, оның денсаулығына аса қауіп төнбеген», - делінген СІМ хабарламасында.

Ақпаратта айтылғандай, қазақстандық дипломаттар апатқа ұшыраған отбасының туыстарымен байланыста отыр.

«Аталған отбасыға барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі. Бұл отбасы Түркияда туристер ретінде болды және бүгін елге оралуы керек еді», - дейді ведомстводан.

Бұған дейін Түркияда Қазақстан азаматшасы мен оның екі жасар сәбиі көз жұмғанын хабарлаған едік.