Түркияда жүк көлігі мен шағын автобус соқтығысып, 9 адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Ван провинциясында жүк көлігі мен жолаушылар мінген шағын автобус соқтығысып, 9 адам қаза тапты. Тағы бес адам жарақат алды, деп хабарлайды Anadolu.
Жол апаты Өзалп және Сарай аудандары арасындағы тасжолда болған. Алдын ала мәлімет бойынша жаңбырдан кейін жолдың тайғақ болуы апатқа себеп болуы мүмкін.
Ван провинциясының губернаторы Озан Балджының мәліметінше, қаза тапқандардың бесеуі — әйел, төртеуі — ер адам. Жарақат алғандардың үшеуі — әйел, екеуі — ер адам.
Оқиға орнына полиция, жандармерия, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жеткен. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Апаттан кейін тасжолдың осы бөлігі уақытша жабылды. Мамандар зақымданған көліктерді алып, жолды тазартқан соң көлік қозғалысы қайта жанданды.
Қаза тапқандардың жеке басы анықталып, оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, Ақмола облысының тас жолында болған жол апатынан үш адам қаза тапты.