Түркияда жыл соңына қарай инфляция төмендейді - сарапшылар
АНКАРА. ҚазАқпарат – Экономистердің болжамынша, биылғы жаздың басынан Түркиядағы инфляция деңгейі төмендей бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі елдің бас реттеушісіне сілтеме жасап.
Түркия орталық банкінің басшысы Ш.Кавджиоғлуның айтуынша, елдегі орташа инфляция деңгейі 2022 жылдың соңында - 42,8%, келесі жылдың соңында - 12,9%, ал 2024 жылдың соңына қарай 8,3% деңгейінде болжанып отыр.
«Қазіргі уақытта біз инфляция деңгейі осы жылдың мамыр айынан кейін қисынды түрде төмендей бастайтынын байқаймыз. Экономистер бұл қаржылық көрсеткіш болжамды мән деңгейінен де төмен болуы мүмкін деп отыр. Бұдан басқа, осы экономикалық жағдайда бес жүз түрік лирасына тең банкнот пен 5 лира көлеміндегі тиын шығару жоспарланбаған», - деді ол.
Сонымен қатар, биылғы наурызда үкіметтік емес түрік ұйымы - ENAG инфляцияны зерттеу тобы жылдық инфляция деңгейі 142,63% болғанын хабарлады. Бұл Түркияның статистика институтының (TÜIK) ресми көрсеткішінен екі есе көп. Сол айдағы аталған көрсеткіш 61,14% болған еді.