Түркиядағы дүрбелең: «Тағдырға сен» сериалының актрисасы босатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ыстанбұлда есірткі және соған байланысты қылмыс бойынша жүргізіліп жатқан екі тергеуге қатысты кино әртістері, музыканттар және басқа да танымал тұлғаларды қоса алғанда, 21 адам ұсталды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Спецоперация против звезд в Турции: актриса из «Зимородка» освобождена
Фото: KP.RU

Түркияның Milliyet басылымының хабарлауынша, Ыстанбұлда елге танымал тұлғаларға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Есірткіні қолдану және тарату күдігіне, сондай-ақ өзге де бірқатар қылмысқа байланысты екі бөлек іс қозғалған. Осы істер аясында құқық қорғау органдары 24 адамды тұтқындауға ордер берген. Арнайы операция барысында олардың 21-і күдікті ретінде ұсталды. 

Олардың қатарында актерлер Арас Булут Ийнемли, Мелис Сезен, Нилпери Шахинкая, Мелиса Шенолсун, музыкант Сефо, бұрынғы футболшы Хасан Шаш және өзге де танымал тұлғалар бар.

Сот медицинасы институтындағы медициналық тексеруден кейін ұсталғандардың біраз бөлігі босатылса, Нилпери Шахинкая мен Хасан Шаш сот бақылауымен босатылды.

Бұл ретте Саят Зурначи мен Айтач Картты қамауға алу туралы өтініш сотқа жолданып, шешім бойынша екеуі де қамауға алынды. Ал Мухаммет Кахьяоглуға қатысты осындай өтініш берілгенімен, ол босатылды.

Арас Булут Ийнемли, Сефо, Мелис Сезен және Мелиса Шенолсунды қоса алғанда, тағы он күдікті тиісті рәсімдерден кейін босатылды.

Бұл ретте прокуратура Волкан Акчырай, Зейнеп Акчырай, Эда Гюзельджик, Сезер Чакир, Хазал Филиз Кючюккёсе және Йелиз Туба Ясаға қатысты тергеуді жалғастырды. Алты күдіктінің қамауда болу мерзімі ұзартылды. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Тергеу аясында «Тағдырға сен» түрік телехикасында басты рөлдердің бірін сомдаған актриса Афра Сарачоғлу да ұсталды. Бұған дейін оны ұстауға ордер берілген болатын. Актриса Франциядан оралған кезде Ыстанбұл әуежайында қолға түсті.

Менеджерлерінің мәліметінше, Сарачоғлу Сот медицинасы институты мен прокуратурада тиісті рәсімдерден өткеннен кейін босатылды. Бұған дейін актриса әлеуметтік желідегі парақшасында жұмыс сапарымен шетелде жүргенін және жауап беру үшін Түркияға оралатынын мәлімдеген.

Сонымен қатар «Көкжалдар мекені» сериалы Түркиядағы ФЕТО тергеуінің назарына іліккенін хабарлаған болатынбыз.

 

Ақзат Жиеналина