Түркиядағы жаңа EİDS жүйесі: жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді

АСТАНА.KAZINFORM -  7 сәуірден бастап Түркияда жылжымайтын мүлікті сату туралы хабарландыруларды тексерудің жаңа жүйесі күшіне енеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркиядағы жаңа EİDS жүйесі: жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді
Фото: freepik

Бұл жаңашылдық Түркиядағы тұрғын үй нарығын өзгертіп, оны сатып алушылар мен сатушылар үшін ашық әрі қауіпсіз етуді көздейді. Жылжымайтын мүлікті сату туралы хабарландыруларды тексерудің электрондық жүйесі (EİDS) алаяқтық пен жалған хабарландырулардың алдын алу үшін енгізіліп отыр.

Енді жылжымайтын мүлікті сату немесе жалға беру туралы хабарландыруларды тек меншік иелері немесе олардың ресми сенімді тұлғалары ғана орналастыра алады. Ол үшін электрондық үкімет жүйесі арқылы авторизациядан өту қажет, бұл жалған ұсыныстар мен тиісті өкілеттігі жоқ делдалдардың пайда болуына жол бермейді.

Мамандардың пікірінше, EİDS енгізілгеннен кейін Түркиядағы жылжымайтын мүлік нарығындағы алаяқтық айтарлықтай азаяды. Жалған хабарландырулар мен негізсіз төмен бағалар, көбінесе «көлеңкелі схемаларға» және сатып алушылардың қаржы жоғалтуына алып келетін жағдайлар сирек кездесетін болады.

Енді кез келген әлеуетті сатып алушы хабарландырулардың заңдылығына көз жеткізіп, барлық қажетті ақпаратты тікелей меншік иесінен немесе оның сенімді өкілінен ала алады. Жаңа жүйе мәмілелер сапасын бақылауды жақсартып, сатушы мен сатып алушы үшін тәуекелдерді барынша азайтуға көмектеседі.

Бұған дейін Түркияның Сауда министрлігі автокөлік нарығындағы алаяқтық пен алыпсатарлыққа қарсы бағытталған сатушыларды тексеру жүйесін (EİDS) енгізген болатын.

Кейін елде курьерлерге арналған жаңа ережелер қабылданды, ал одан соң Түркияда заңсыз жолаушы тасымалына қарсы қатаң шаралар күшіне енді.

Айта кетелік Түркия халқының 30%-дан астамы ескі үйлерде тұрады.