Түркиядағы Ақмешіт елді мекенінің қыздары шылым шегетін жігітке тұрмысқа шықпайды
АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Түріктердің Ақмешіт елді мекенінің тұрғындарының осынау жат әдетпен күресіп келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Тіпті, ауыл басшысы жергілікті арулардың өзге елді мекеннің шылым шегетін жігіттеріне тұрмысқа шығуына тыйым салған. Бұл жайында "Умма-информ" ақпарат агенттігі хабар таратты.
Темекі түтініне жаны қас 350 тұрғыны бар ауыл Түркияның оңтүстік-шығысындағы Шанлыурфа провинциясында орналасқан. 2008 жылы ауыл тұрғындары дауыс беру арқылы шылым шегуден басы бүтін бас тартқан болатын. Muslim.kz сайтының жазуынша, осыған байланысты бес жыл бойы бұл елді мекенде темекі өнімдері сатылмайды. Ел билігі де ауыл тұрғындарының бұл қадамын құптап, марапаттаған еді. Ауылға апаратын күре жолдың бойында «Біздің ауылда шылымға жол жоқ» деген жазуды көзіңіз шалады.
Ауыл басшысы Абдолла Сачаклының сөзіне қарағанда, мұндай шешімге келуіне ауыл тұрғындарының арасында өкпе ауруының өршіп кетуі себеп болған. «Бастаманы жастар көтерген болатын. Жат әдетке әбден бой алдырған үлкендермен күресу қиынға соқты. Десе де, уақыт өте келе жетістікке жеттік. Қазіргі уақытта біздің ауылда бірде-бір адамның шылым шекпейтінін нық сеніммен айта аламын. Бұған қоса, ауыл қыздарына шылым шегетін жігітке тұрмысқа шығуына тыйым салдық. Егер күйеуі осынау жат әдетке үйір бола бастаса, қызымызды қайтарып аламыз. Күйеуі жат әдетін қоймайынша, еріне жібермейміз»,- деді ауыл басшысы.