Түркиядағы Қазақстан елшісі мен «Анаватан» партиясының көшбасшысы екіжақты қарым-қатынастардың келешегін талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев «Анаватан» түрік либералды-консервативтік партиясының төрағасы Ибрагим Челебимен кездесті.
Онда Қазақстан-Түркия екіжақты қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды.
«Анаватан» партиясын Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары қазақ-түрік қатынастарының басы-қасында болған Түркияның бұрынғы президенті Тұрғұт Өзал құрған болатын.
Әңгіме барысында И.Челеби ушығып кеткен түрік-орыс қарым-қатынасын қайта жандандыруға Нұрсұлтан Назарбаевтың елеулі үлесін атап өтті. Соның арқасында, Анкара мен Мәскеу саяси, экономикалық бағыттарда байланыстар қайта жанданды.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы аймақтық қауіпсіздік жүйесіндегі Қазақстанның өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді.
«Аталған елеулі оқиға Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен сәйкес келді. Осыған байланысты, мен бауырлас қазақ халқын келе жатқан мерейтоймен құттықтағым келеді және осы уақытқа дейін қол жеткізілген жетістіктердің мың еселеп артуын тілейміз», - деп атап өтті И.Челеби.
Ж.Түймебаев, «Анаватан» партиясы басшысының жылы лебіздеріне алғыс білдіре отырып, саяси, экономикалық және мәдени аспектілері бойынша екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуының негізгі бағыттары туралы әңгімеледі. Оның сөзіне қарағанда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі дамуында оң динамика байлалып отыр.
Мысал ретінде, Қазақстан елшісі Түркиядағы Қазақстан күндерін ерекше атап өтті. Оның аясында Түркияда Сүйінбай Аронұлының ескерткіші орнатылды, Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған конференция мен ҚР өнер майталмандарының қатысуымен концерт берілді.