Түркиядағы кезектен тыс сайлау: Нәтиже ертең белгілі болмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда кезектен тыс парламент сайлауы өтті. Осы жолғы саяси додада 16 партия мен 21 тәуелсіз кандидат бақ сынады, деп хабарлайды 24.kz.
Дегенмен сарапшылар негізгі талас-тартыс 7 маусымдағы сайлауда 10%-дық межені бағындырған елдегі ең ірі 4 саяси партия арасында өрбитінін алға тартады. Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәлімет бойынша, парламенттік сайлауда 54 млн 49 мың 940 адам дауыс беру құқығына ие. Бұл - осымен Түркияда бір жылдың ішінде екінші мәрте өтіп жатқан парламенттік сайлау. Алғашқысы 7 маусымда болған. Алайда дауыс беру нәтижелері бойынша ол сайлауда ешбір партия басымдыққа ие бола алмады. Мұндай сәтте Түркия ата заңы бойынша 45 күннің арасында сайлаушылардың 10% дауысын жиған партиялар коалициялық үкімет құруы тиіс еді. Бірақ саяси партиялардың жетекшілері өзара келісімге келе алмады. Осы себептен түрік халқы араға 5 айдай уақыт салып, өз үміткерлеріне қайта дауыс беруде.
- Отбасымызбен бірге сайлау учаскемізге барып, даусымызды бердік. Сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары. Өйткені еліміздің келешегі бүгінгі таңдауымызға тікелей байланысты болмақ. Енді осыдан соң жаңа үкімет жасақталып, ұлт мүддесіне қызмет етеді деп ойлаймын,- дейді Ыстамбұл тұрғыны Сүлейман Узун.
Тағы бір Ыстамбұл тұрғыны Исмайыл Гюпнардың пікірінше, сайлаудан сайлауға дейін өмір сүруге болмайды. «Білесіздер, соңғы уақытта Түркиямызда террорлық оқиғалар жиілеп кетті. Оның себебі - елдегі саяси партиялардың арасында ауызбіршілік жоқ. Ал ішкі алауыздықтар тұрақтылығымызға нұқсан келтіруде. Сондықтан бұл парламент сайлауынан үмітім зор. Лаңкестердің көзін құртып, мемлекетімізге бейбітшілік орнататын бір ғана партия билік басына келсін деймін»,-дейді ол.
Түркия ұлы ұлттық мәжілісі 550 депутаттан тұрады. Атқарушы үкімет жасақтау құзыреті парламентте кемі 276 депутаты бар саяси партияға беріледі. Қазір бүкіл халықты толғандырып отырған бір ғана мәселе осы - межені кім бағындыруы мүмкін? Сайлауға бір апта қалғанда ең ірі 8 әлеуметтік зерттеу орталығы сауалнама нәтижелерін жариялады. Егер ол мәліметке зер салсақ, Әділет және даму партиясы сайлаушылардың - 42,1%-ын, ал оның саяси бәсекелесі Халықтық-республикалық партиясы 26,8% ғана даусын иеленбек. Ұлттық қозғалыс партиясының лектораты көбіне тұрақты - 15-16%-дың аралығында құбылып тұрады. Елдің шығыс аймағындағы күрдтер өткен сайлаудағыдай өз дауыстарын Халықтық-демократиялық партиясына беретін болса, онда жаңа партия парламент табалдырығын аттамақ.
Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған: - Бүгін шамамен 54 млн отандасымыз сайлауда дауыс береді. Халқымыз еліміздің, жеріміздің тұрақтылығы жолында дұрыс таңдау жасайды деген үмітім бар. Осы ретте Орталық сайлау комиссиясында, сайлау учаскелерінде қызмет етіп отырған барлық азаматтарға сәттілік тілеймін»,-дейді.
Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл болса, осы сайлаудан кейін елде тыныштық пен тұрақтылық орнайтынына сенімді екендігін білдірді.
Түркияда парламент сайлауы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгін қауіпсіздікті 385 мың полиция мен жандарм қадағалауда. Сондай-ақ осы мақсатта елдің шығыс аймағында тікұшақтар мен әскери техникалар да жұмылдырылды. Қазір осы уақытқа дейін жетекші саяси партиялардың көшбасшылары өз таңдауларын жасады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұлда, ал премьер-министр Ахмет Дәуітоғлы туған жері Кония қаласындағы сайлау учаскесінде дауыс берді. Сайлау Астана уақытымен сағат 20:00-де аяқталды. Ал оның алғашқы нәтижелері ертең белгілі болмақ.