Түркиядағы пойыз апаты: мерт болғандар арасында қазақстандықтар жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Текирдаг провинциясында жолаушылар пойызы аударылып, 24 адам мерт болды. Олардың арасында қазақстандықтар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Түркиядағы пойыз апаты: мерт болғандар арасында қазақстандықтар жоқ

«Алдын ала ақпараттар бойынша, Түркиядағы пойыз апатында зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Қазақстан консулдары Түркияның тиісті органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр», - деп хабарлады ҚР Сыртқы істер миинстрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Анадолы агенттігі хабарлағандай, пойыз Түркия мен Болгария шекарасындағы Капикуле қаласынан Ыстанбұлға келе жатқан. Алдын ала болжам бойынша, пойыздың аударылуына қолайсыз ауа райы ықпал еткен. Үздіксіз жауған жауыннан рельс астындағы топырақ шайылып кеткен.

Апат кезінде пойызда 362 жолаушы және 6 теміржол қызметкері болған. Түркияның вице-премьері Реджеп Акдаг пойыз апатынан қаза тапқандар саны 24-ке жеткенін хабарлады.

Сондай-ақ, Түркияның денсаулық сақтау министрі Ахмет Демирджан 318 жолаушының ауруханаға жеткізілгенін, тағы 124 жолаушының станционарлық ем қабылдап жатқанын жеткізді.