13:49, 13 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Түркиядағы пойыз апатынан қазақстандықтар зардап шеккен жоқ -Елшілік
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркиядағы пойыз апатынан зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елшілік ақпаратына сәйкес, 2018 жылдың 13 желтоқсаны күні сағат таңғы 06-30-дар шамасында Анкара-Конья бағытында қатынайтын жүрдек пойыз Анкара қаласындағы Маршандиз стансасында апатқа ұшыраған.
«Түркия Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінен алынған ақпаратқа сәйкес, апатта қаза болған 8 және жарақат алған 46 адамның арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі опат болғандардың отбасыларының қайғыларына ортақтасып, жаралылардың тез сауығып кетуін тілейді», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Анкара-Конья жолаушылар жүрдек пойызы Енимахалле ауданында Маршандиз стансасында жерасты жаяу өтпе жолына соқтығысқанын хабарлаған едік.