17:34, 03 Маусым 2013 | GMT +5
Түркиядағы толқуларда зардап шеккен қазақстандықтар жоқ - Сыртқы істер министрлігі
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Түркияның Стамбул қаласында болып жатқан толқуларда зардап шеккен қазақстандық азаматтар жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Нұржан Айтмаханов мәлім етті.

«Бәріңіз жақсы білесіздер, Түркияның Стамбул қаласындағы Таксин саябағы аумағында ойын-сауық орталығын салу жөніндегі шешім қабылданғаннан кейін қалада сан алуан толқулар басталды. Соның салдарынан 1700-ден астам адам тұтқынға алынды. Олардың ішінде қазақстандық азаматтар жоқ. Сондай-ақ, толқулар барысында зардап шеккен қазақстандықтардың болмағанын ресми түрде мәлімдейміз»,-деді Н. Айтмаханов.
Баспасөз қызметінің жетекшісі атап көрсеткендей, Қырғызстандағы толқуларда да зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ.