Түркиядағы Төтенше жағдай режімі қазақстандық туристерді жергілікті демалыс орындарына бағыттауы мүмкін
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түркияда енгізілген Төтенше жағдай режімі салдарынан қазақстандық туристер жергілікті демалыс орындарын таңдауы мүмкін. Бұл туралы бүгін белгілі қазақстандық экономист Олжас Құдайбергенов мәлімдеді.
«Менің ойымша, бұл жағдайдың экономикаға, яғни тауарлар айналымына анау айтқандай әсері болмайды. Төтенше жағдай режімі бұл үдерістерге кедергі етпеуі тиіс. Бірақ, туризмге әсер етуі әбден мүмкін. Өйткені, Түркияға баратын туристер легі азаяды», - деді Олжас Құдайбергенов.
Ол сонымен қатар, бұл жағдай Қазақстанның туризм саласы үшін тиімді екендігін айтты.
«Егер Түркияға баратын туристер легі ішкі белгілі демалыс орындарына бағытталатын болса, онда Қазақстан үшін бұл өте тиімді», - деді сарапшы.
Өз кезегінде экономист Жарас Ахметов ҚР Статистика жөніндегі комитетінің деректеріне сүйене отырып, Түркияның Қазақстан Республикасының сыртқы сауда айналымындағы үлесі биылғы жылдың алғашқы бес айында - 2,3 пайызды, ал өткен жылы осы мерзім аралығында - 3,4 пайызды құрағанын жеткізді.
«Екі ел арасында сауда қарым-қатынасының әлсірейтіндігіне еш негіз жоқ. Егер адамдардың өміріне ашық түрде қауіп төнбейтін болса, онда туристер легі азаймайды. Дегенмен, дәл қазір азайған да болар», - деді ол.
Оның пікірінше, Түркия мемлекет басшысы Ердоғанның қолға алған іс-шаралары Түркияның инвестициялық тартымдылығына кері әсер етуі мүмкін. Ал бұл уақыт өте келе ел экономикасына да кері әсерін тигізбей қоймайды.