17:46, 20 Шілде 2015 | GMT +5
Түркиядағы жарылыстан қаза тапқандар саны 27 адамға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Сириямен шектесетін Суруч қаласында болған жарылыстан қаза тапқандар саны 27 адамға жетті, деп хабарлады «ВВС» агенттігі.
БАҚ ақпаратынша, 100-ге жуық адам жараланған. Билік жапа шеккендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін деген болжам жасады.
Осыған дейін жарылыстан кем дегенде он адам қаза тауып, одан да көп адам зардап шеккені хабарланған.
Суруч «Ислам мемлекеті» содырлары мен күрд әскерлері қақтығысқан Сирияның Кобани қаласына жақын орналасқан.
Кобани - күрдтер тұратын стратегиялық маңызды қала. «ИМ» содырлары өткен жылы қалаға шабуыл жасап, он мыңдаған адам Түркияға қашқан болатын.