Түркиядағы жарылыстарға кінәлілер Сирияның арнайы қызметтерімен байланысты
АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Сириямен шекарада орналасқан Түркияның Рейханлы қаласында болған жарылыстарға кінәлілер анықталды.
Бұл туралы Түркия премьер-министрінің орынбасары Бесир Аталай мәлім етті, деп хабарлайды Reuters-ке сілтеме жасап РБК.
Б.Аталайдың сөзіне қарағанда, жарылыстарды ұйымдастырушылар Түркияның ішкі аудандарынан келген, бірақ олардың сириялық арнайы қызметтермен байланысы бар.
Еске салайық, 11 мамыр күні Рейханлы қаласында болған жарылыстар салдарынан кем дегенде 40 адам мерт болып, тағы 100-ге жуығы зардап шекті. Теракті үшін жауапкершілікті әзірге ешбір лаңкестік ұйым өз мойнына алмады. Жарылыстар қалалық әкімшілік ғимаратынан алыс емес жерде орын алды.