Түркиядан көмек: Қостанайға 70 дана оттегі концентраторы әкелінді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысына Түркия елінен 70 дана оттегі концентраторы әкелінді. Мұндай көмек ERG компаниялар тобының демеушілігімен жеткізіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Түркиядан көмек: Қостанайға 70 дана оттегі концентраторы әкелінді

Қостанайға әкелінген оттегі концентраторларының бір бөлігі Түркияда, қалғандары АҚШ-та жасалған. Сапасы жоғары бұл жабдықтар өңірдегі COVID-19 инфекциясына шалдыққандарды емдеп жатқан барлық мекемелерге таратылып берілмек.

«Облыстық бюджеттен емдеу мекемелеріне оттегі жүйесін тарту жұмыстарына қаражат бөлінді. Алдымен, емдеу орындарына ауа жинау цистерналары орнатылады, сол арқылы оттегі әрбір палатаға, әрбір науқасқа таратылады. Мұндай қондырғылар Қостанай облыстық ауруханасы, Қостанай қалалық ауруханасы, Тобыл қаласындағы туберкулезге қарсы диспансер және Рудный қалалық ауруханасына орнатылады деп күтілуде», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Доспанов.

Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің өкілі Жанат Молдатаеваның айтуынша, қазір медициналық мекемеде 55 науқас жатыр. Олардың тең жартысына тыныс алу құралдары қажет. Сол себепті, бүгінгі келген көмек ондағы пациенттерге зор демеу болмақ.