Түркияға баратын қазақстандық туристердің саны екі есеге азайды - Ә. Нүркебаева

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түркияға баратын қазақстандық туристердің саны екі есеге азайды. Бұл туралы бүгін Қазақстанның Туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева мәлімдеді.

Түркияға баратын қазақстандық туристердің саны екі есеге азайды - Ә. Нүркебаева

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстаннан Түркияға, Түркиядан Қазақстанға бағытталған ұшу рейстеріне ешқандай тыйым салынған жоқ. Осыған байланысты, туроператорлар ұшудан бас тартқан туристердің билетке төлеп қойған ақшаларын қайтарып бермеуге құқылы. Оның үстіне қонақ үйлерге қатысты ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ. Қазақстанның Азаматтық авиация комитетінде тиісті шаралар қабылдануда. Алдымен қандай да бір елдегі қауіптілік жағдай толығымен ескеріліп, осы негізде ұшу-ұшпау жөнінде тиісті шешім шығарылады», - деді А. Нүркебаева.

Сонымен қатар, ол қазіргі таңда Түркияда қанша қазақстандық азаматтың демалып жатқандығын жеткізді.

«Біздің деректер бойынша демалыс маусымында әрбір 10 күндік аралықта Түркияда 7,5 мың қазақстандық турист демалады. Бұл тұрақты сан», - деді ол.   

Алайда, оның айтуынша, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда биыл Түркияға баратын қазақстандық туристердің саны екі есеге азайған.