Түркияға бидай, жасымық, майлы тұқымдар экспорттауға мүдделіміз – Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Түркияға бидай, жасымық, майлы тұқымдар экспорттауға мүдделі. Бұл туралы Үкімет үйінде Түркия Вице-президенті Жевдет Йылмазбен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 14-отырысын өткізіп жатқан Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Қазақстан -Түркия
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Ауыл шаруашылығы саласында оң динамика байқалып отыр. 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешендегі тауар айналымы 25 пайыздан астам өсіп, 360 млн долларға жуықтады. Бұл бағытта агротехнологиялар мен сақтандыру саласында тәжірибе алмасылып жатыр, - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы алдағы кезеңде тауар айналымын әртараптандыру, экспорт номенклатурасын кеңейту және қосылған құны жоғары бірлескен өндірістерді іске қосу маңызды екенін айтты.

- Бидай, жасымық, жем, майлы тұқымдарын Түркияға экспорттауға мүдделіміз. Осыған байланысты уәкілетті органдарымызға Түркияның ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттарына сәйкестік мәселелері бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынамын, - деді Премьер-министр.

Айта кетейік, Қазақстан түрік инвесторларына бірлескен жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау құралдарын ұсынуға дайын.

 

Соңғы жаңалықтар