Түркияға көмекке барған құтқарушылар марапатталды
Наградаларды ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин табыстап, құтқарушыларға алғыс білдірді.
«Офицерлер құрамы ІІ дәрежелі «Айбын» және «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Қалғандары «Ерен еңбегі үшін» үкіметтік медальдары мен ведомстволық наградалар алды. Сонымен қатар, Түркияның құтқару операциясына қатысқандардың барлығына алғыс хаттар табысталды» - деп мәлім етті Юрий Ильин марапттау рәсімінен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына.
Еске салайық, Қазақстан құтқарушылары 7-19 ақпан аралығында Түркияның үш провинциясының аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, Нурдагы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында азаматтарды үйінділерден шығаруға атсалысты. Сонымен бірге Қахраманмараш провинциясына үздіксіз гуманитарлық көмек жеткізіп отырды.