Түркияға заңсыз 190 кг алтын тасымалдаған трансұлттық ұйымдасқан топ басшысы 11 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушылар трансұлттық ұйымдасқан топты құрып, оған басшылық ету, қатысу, қылмыстық топтың құрамында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет аса ірі мөлшерде декларацияланбаған, өткiзуге тыйым салынған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткiзу бойынша үш адамға қатысты істі қарады.

2016 жылы екі айыпталушы Қазақстан Республикасынан Түркияға бағалы метал — алтынның заңсыз айналымы мен тасымалдау үшін трансұлттық ұйымдасқан топты құрып және оған басшылық еткен.
Олар қылмыстық топтың құрамына өздерінің таныстары мен туыстарын, оның ішінде үшінші айыпталушы тұлғаны тартқан.
«Өз кезегінде Түркия Республикасындағы трансұлттық ұйымдасқан топтың басшысы қылмыстық топқа осы елдің азаматтарын қосқан. Топ басшылары өз ниеттерін жүзеге асыру үшін 2020 жылы бағалы алтынды тасымалдау үшін Түркия азаматын жеткізуші ретінде пайдаланған. Сотталушылар кедендік шекара арқылы кедендік бақылаудан тыс өткізуге тыйым салынған бағалы металдар — алтын мен зергерлік бұйымдарды бірнеше рет заңсыз алып өтіп, контарабандалық тасымал жасаған», — делінген соттың хабарламасында.
Нәтижесінде, 2017-2021 жылдар аралығында 19 эпизод бойынша Қазақстан Республикасынан Түркияға заңсыз түрде жалпы құны 5 млрд теңгеге жуық бағаланған салмағы 190 кг-дан жоғары алтын тасымалданған.
Сотталушылардың кінәсі куәлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарындағы дәлелдермен расталды.
Сот үкімімен трансұлттық ұйымдасқан топқа басшылық жасаған айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 11 жыл, екінші айыпталушыға түпкілікті 8 жыл мерзім, сондай-ақ үшінші тұлғаға 1 жыл 6 ай мерзім бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордада қаржы пирамидасын құрған азаматша 5 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.