Түркиялық кинокомпания Жошы хан туралы сериалды тек қана Қазақстанда түсіретін болды
АСТАНА. KAZINFORM – 14 қаңтарда Ыстамбұлдағы Karga Seven Pictures кинокомпаниясының кеңсесінде шартты атауы «Алтын империя» жобасы бойынша шығармашылық топтың отырысы өтті.

Кездесуге Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Karga Seven Pictures компаниясының тең құрылтайшылары Эмре Сахин мен Фикрет Маноглу қатысып, сериалдың 6 эпизодының сценарийлері мен басты рөлдерге актерлік құрамын бекітті.

Айта кетейік, 4 000-нан астам өтінімнің ішінен 350 актер іріктеліп алынды. Олардың арасында 250 қазақстандық және Швеция, Бельгия, Англия, Германия, АҚШ, Моңғолия елдерінен 100 әртіс бар. Оған қоса, кездесуде костюмдер, декорациялар мен реквизиттер таныстырылған.

Бұған дейін Қазақстанда сериал түсірілімінің тек 40%-ы өтеді деп жоспарланған еді. Алайда сериалдың бас продюсері және режиссері Эмре Сахин локацияларды жан-жақты зерттеген соң, түсірілімді толығымен Қазақстанға көшіруді ұйғарған. Түсірілім жұмыстары 2025 жылдың ақпанында басталады.

Сонымен бірге, кастингтің екінші кезеңін өткізу жоспарланып отыр. Бұл екінші пландағы және балалар рөлдеріне арналмақ.

«Дара» Президенттік бастамалар қоры жүзеге асырып жатқан және Жошы хан ұлысының 800 жылдығына орайластырылған «Алтын орда» сериалының сценарийін әзірлеуге Джастин Поллард («Викингтер»), Клэр Мурсом («Заңнан тыс патша») сияқты танымал сценаристер, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық тарихшылар мен сарапшылар қатысқан.

Сериал авторлары Жошы ұлысының, Алтын Орданың тарихына, көшпелі халықтар мен қазақтың мәдени құндылықтары мен өмір салтына зерттеу жүргізген.

Алтын орданың тарихы халықаралық аудитория мен дистрибьюторлардың үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Жаңа сериал әлем көрермендерінің назарын аударатын ауқымды жоба бола алады.

Бұған дейін Жошы хан туралы сериалға кастинг жүріп жатқанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Kazinform агенттігі Жошы хан туралы Ғылыми институттың кіші ғылыми қызметкері Әбілбек Қаратаевпен сұхбат жариялады.
