Түркиялықтар қазақстандық жас режиссердің фильмін тамашалады

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстанбұлдың «Vita art» көрме орталығында қазақстандық жас режиссер Алина Мұстафинаның қысқаметражды фильмінің көрсетілімі өтті.
None
None

Туынды осыдан екі жыл бұрын болған Ресей мен Түркия арасындағы «ұшақ дағдарысындағы» оқиғаны суреттейді, деп жазады Хабар 24 .

«Бір ғана кикілжің қос елдің көп жылдық дипломатиялық, саяси және экономикалық салаларын әп-сәтте тоқыратты. Ал ақпарат құралдары жаңсақ хабар таратып, жағдайды тіпті ушықтыра түсті. Соған қарамастан бұл келеңсіздік халықтардың бір-біріне деген сый-құрметіне сызат түсіре алмады. «Яғни көрермен қауымға осы оқиғаның мысалында саясат пен әлеуметтің аражігін ашып көрсетуге тырыстым», - дейді режиссер. Фильм Ыстанбұл қаласында түсірілді. Алайда қаржының тапшылығына орай туындыға кәсіби актерлер емес, қарапайым азаматтар тартылыпты. Ал шығармашылық топ украиналық, мексикалық, мысырлық, ливандық және түркиялық мамандардан құралған. Көбі бұл картинаға ерікті түрде қатысып, еңбектің жарық көруіне бір кісідей атсалысқан.  

 «Сол уақыттағы оқиғаны ақпарат құралдары әр қырынан таратты. Алайда теледидардағы үгіт-насихат пен шынайы өмірдегі жағдай арасында көкпен жердей айырма болды. Фильмде осы айырманың аражігін көрсетуге тырыстым», - дейді режиссер Алина Мұстафина.

Көрермен Дуйгу Ышыктың айтуынша, арқау етіп алған тақырыбы да, оқиға желісі де өте өзекті. «Туындыны тамашалай отырып, түріктер түсірген екен ғой деген ойда қалдым. Алайда оным бекер екен. Өйткені түсірілім тобы кілең шетелдіктерден құралған. Демек олар фильмге кіріспес бұрын Ыстамбұлдың көрікті орындары мен жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсы зерттеген», - дейді ол. 

Соңғы жаңалықтар