Түркиямен өзара сауданы арттыруға мүдделіміз – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі 20 жылда Қазақстан Түркия экономикасына 2,4 млрд доллар инвестиция салды. Бұл туралы Қазақстан-Түркия инвестициялық дөңгелек үстел отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
– Үкіметаралық комиссияның отырыстары аясында мұндай шараларды өткізу игі дәстүрге айналып, бауырлас елдеріміз арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтатын тиімді алаң ретінде қалыптасты. Түрік мемлекеті біз үшін маңызды стратегиялық серіктес саналады. Екі ел арасындағы байланыстар барлық салада белсенді дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Мәселен, Қазақстанмен өзара тауар айналымы бойынша Түркия негізгі сауда серіктестердің жетекші бестігіне кіреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі шамамен 9 пайызға өсті. Біз екі ел экономикасының қолда бар резервтерін ескере отырып, өзара сауданы арттыруға мүдделіміз, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының мәліметінше, соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде түрік инвесторлары Қазақстан экономикасына 6 млрд доллардан аса инвестиция құйды. Бұл ретте Қазақстаннан Түрік Республикасына салынған инвестициялардың жалпы ағыны 2,4 млрд долларға жетті.
– Қазіргі таңда елімізде түрік капиталының қатысуымен 5 мыңнан астам кәсіпорын тіркеліп, бірлескен күш-жігердің арқасында мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Бұл көрсеткіш түрік бизесінің бізге деген жоғары сенімін білдіреді. Бүгінде Қазақстанда жалпы құны шамамен 9,5 млрд долларды құрайтын 170-тен астам бірлескен жобалар пулы бар, - деді Премьер-министр.
Айта кетейік, бүгін Түркия Вице-президенті Жевдет Йылмаз бен Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 14-отырысы өтті. Іс-шара барысында Олжас Бектенов Қазақстанның Түркиямен тығыз ынтымақтастыққа дайын бағыттарын атады.