Түркияның Африкаға экспорты 13,3 млрд долларға дейін артты
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Африкаға экспорты жеті айда 12,6%-ға артып, 13,3 млрд долларға жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркияның Африка елдеріне экспорты логистикалық байланыстардың кеңеюі мен белсенді экономикалық дипломатия аясында өсуін жалғастыруда. Қаңтар-шілде аралығында жеткізілімдер өткен жылмен салыстырғанда 12,6%-ға өсіп, 13,3 млрд долларға жетті. Шілдеде экспорт 16,3%-ға артып, 2,3 млрд долларға жетті.
Мысыр, Оңтүстік Африка және Нигерияға жөнелтілімдер айтарлықтай артқан. Мысырға экспорт жеті айлық кезеңде 26,1%-ға артып, 2,3 млрд долларға, Оңтүстік Африкаға 31,3%-ға артып, 479 млн долларға, ал Нигерияға 52,1%-ға артып, 453,2 млн долларға жетті. Шілде айында Ливияға жөнелтілімдер 22,4%-ға артып, 289 млн долларды құрады.
Түркияның сыртқы экономикалық байланыстар кеңесі (DEIK) жанындағы Түркия-Африка іскерлік қатынастар кеңесінің үйлестірушісі Осман Аксоның мәлімдеуінше, бұл өсім сауда дипломатиясының көпжылдық нәтижелерін көрсетіп отыр. Ол сондай-ақ ұлттық тасымалдаушылардың әуе қатынасын кеңейтуі және теңіз дегі контейнерлік бағыттарын дамыту маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Экспорттың негізгі қозғаушы күштері – машина жасау, электроника, автомобильдер, химия өнеркәсібі, металлургия, тоқыма өнеркәсібі, азық-түлік өнімдері және құрылыс материалдары. Түрік компаниялары сондай-ақ Африкадағы ірі инфрақұрылымдық жобаларға, соның ішінде жолдар, порттар, әуежайлар және тұрғын үй құрылысына қатысып отыр.
Осыған дейін Ыстанбұл әуежайы жолаушы тасымалы бойынша көш бастағанын хабарладық.
Түркияның Еуразияның жаңа логистикасында қандай рөл атқаратынын мына материалдан оқи аласыз.