Түркияның Гази университеті Қазақстанда алғашқы студенттерін қабылдай бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан ашылған Түркияның Гази университетінің Қазақстандағы филиалы биыл алғашқы талапкерлерін қабылдады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір филиалда студенттерді қабылдау, халықаралық стандарттарға сәйкес білім беру үшін қажетті инфрақұрылым мен материалдық-техникалық базаны қалыптастыру, оқу процесін ұйымдастыру, оқу жоспарларын әзірлеу және филиал қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық талаптарды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2026-2027 оқу жылына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі филиалға 100 мемлекеттік білім беру грантын бөлді.
— Талапкерлерді іріктеу халықаралық талаптарға сәйкес екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде үміткерлердің теориялық дайындығы мен академиялық білім деңгейі бағаланды. Жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлер екінші кезең — сұхбаттасу емтиханына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Іріктеу нәтижесінде қазіргі таңда филиалға бөлінген мемлекеттік білім беру гранттарының 77 иегері анықталды. Гази университетінің Қазақстандағы филиалына құжат тапсырған алғашқы талапкер — Сабина Дихан, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Филиалдың ашылуы — Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық жоба. Алдағы уақытта филиал аясында бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, тәжірибе алмасу және қос дипломды білім беру жобаларын іске асыру жоспарланған. Бұл бастамалар Қазақстандағы педагогикалық білім берудің сапасын арттыруға және халықаралық тәжірибені оқу процесіне енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Осыған дейін грантқа іліге алмаған талапкерлерге қандай мүмкіндік бар екенін жазған едік.