Түркияның құқық қорғау органдары іздеу салған ер адам Алматыда ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының халықаралық әуежайында ІІМ Интерпол ҰОБ-ның сұрауы бойынша желілік полиция бөлімінің қызметкерлері 67 интернет-алаяқтық фактісі бойынша Түркияның құқық қорғау органдарымен халықаралық іздеуде жүрген шетелдік азаматты ұстады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

— Күдікті 2018 жылы үй жануарларын сату туралы жалған интернет-жарнама арқылы жәбірленушілерді алдап, 67 адамның ақшасын иемденіп, Түркия елінен бой тасалаған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторында қамауда, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Өскеменде халықаралық іздеуде жүрген шетелдік ұсталғанын жазған болатынбыз. Ол 1 ақпанынан бастап аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде жүрген жерінен қолға түскен еді.