Түркияның солтүстік-батысында орман өрті өршіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Өрт үш ауданды шарпыды, ал билік бүкіл Түркия бойынша орман өртіне қатысты 12 күдіктіні ұстағанын хабарлады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі. 

Түркияның солтүстік-батысында орман өрті өршіп тұр
Фото: hurriyetdailynews.com

Түркияның солтүстік-батысындағы Бурса провинциясында таңертең үш жерде орман өрті болды. Өрт Кестель округінің Дерекызык және Акташтапе аудандарында, сондай-ақ Улудаг тауының етегіндегі Йылдырым округінің Карапынар қаласында болды.

Орман шаруашылығының аймақтық басқармасы оқиға орнына екі тікұшақ, сегіз су тасушы көлік, үш цистерна, алты өрт сөндіру көлігі және төрт бульдозер жіберді. Өрт сөндіру жұмыстарына жандармерия, қаланың өрт сөндірушілері және жергілікті тұрғындар да қатысты. Қатты желге қарамастан, құтқарушылар жалынды ауыздықтай алды.

Түркияның әділет министрі Акин Гюрлек өрттер аясында 1 маусымнан бері 25 провинцияда болған 73 орман өртіне қатысты 12 күдіктінің тұтқындалғанын хабарлады. Тағы 21 адамға қатысты сот бақылауы шаралары қабылданды. 

Бартын университеті орман шаруашылығы факультетінің сарапшысы Халиль Барыш Озель тұрғындарды орманды аймақтардан аулақ жүруге шақырды. Оның атап өтуінше, қатты жел, жоғары температура және төмен ылғалдылық жаңа өрттердің пайда болу қаупін арттырып отыр. 

Билік сондай-ақ көлік жолдары бойымен ені 20 метрлік өртке қарсы жолақтар жасап, өрттің таралуын болдырмау үшін өсімдіктерді минералды топырақ қабатына дейін тазартып жатыр.

Осыған дейін Түркияда 44 орман өртіне қатысты тергеу жүргізіліп, күдіктілер қамауға алынғанын жаздық.