Түркияның тұңғыш ғарышкері ғарышта Ататүріктің сөзін еске алды - шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Түркияның тұңғыш ғарышкері
Фото: trt.net.tr

Түркияның тұңғыш ғарышкері ғарыштағы сөзін Ататүріктің сөзімен бастады - TRT

Флоридадағы ғарыш орталығынан Түркияның тұңғыш ғарышкері Алпер Гезеравжының ғарыш сапары басталды.

«SpaceX» ғарыш кемесі, соның ішінде Түркияның тұңғыш ғарышкері Алпер Гезеравжы Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) Флоридадағы Кеннеди ғарыш орталығындағы 39А ұшыру кешенінен жергілікті уақыт бойынша сағат 16.49-да (Tүркия уақытымен сағат 00.49) сәтті ұшырылды.

Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. 

Ғарыш көлігі сенбі күні Түркия уақытымен сағат 13.15-те Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жетеді деп жоспарланған болатын.

«TRT»-ның мәліметінше, «SpaceX» өзінің «X» желісіндегі аккаунтында Халықаралық ғарыш станциясына сапарын бастаған «Dragon» капсуласындағы «Ax-3» командасының алғашқы сезімдерін тікелей эфирде көрсетті.

Гезеравжы ғарыштағы алғашқы сөзінде, «Мен Түркияның ғарыштық миссиясы үшін тұңғыш түрік ғарышқа қадам басқан кезде Ұлы Ататүріктің сөздерімен бастағым келеді. Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің дана сөзі: «Болашақ аспанда», деді.

Айта кету керек, осы сапар арқылы «Түркияның тұңғыш ғарышкері» атағын да алған Гезеравжы ХҒС-те 14 күн бойы 13 түрлі ғылыми тәжірибе жасау жоспарлануда.

Турция космонавт
Фото: Midjourney

Алтайға қысқы спорт түрінен төрт елдің спортшылары жиналды – «Халық газеті»

Шыңжаңның Алтай қаласындағы Генарал тау Халықаралық тау шаңғысы курортында «Қар-мұз жібек жолы, Қытай қар мекені» атты Алтай тауында алғашқы қысқы спорттық ойындар ашылды. Спорттық шараға Қытай, Қазақстан, Моңғолия және Ресейден 155 спортшы қатысты, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Аталған басылымның дерегінше, осы іс-шара барысында конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, тау шаңғысы, сноуборд, альпинизм шаңғы жарысы (ежелгі тері шаңғымен сырғанау) және басқа да жарыс түрлері өткізіледі.

Айта кету керек, Алтай аймағы солтүстіктің 45-47 градусындағы алтын ендікте орналасқан. Бұл Қытайдағы ең жақсы табиғи шаңғы аймақтарының бірі әрі тау шаңғысы мен кросс спортшылары үшін маңызды жаттығу базаларының бірі. Мұндағы қар-мұз жарыстарының артықшылығы барған сайын айқындалуда.

Алтайға қысқы спорт түрінен төрт елдің спортшылары жиналды
Фото: kaz.people.cn

Моңғолия халқының саны 3,5 миллионға жетті - «Kaznews»

Елдің ұлттық статистика комитеті бұған дейін 22 қарашаға қарай Моңғолия халқының жалпы саны 3,5 миллион адамға жететінін хабарлаған.

«Аталған комитеттің бұл болжамы соңғы үш жылдағы туу, өлім және халықтың табиғи қозғалысына негізделген», - дейді Моңғолия ұлттық статистика комитетінің халық санағы және тұрғын үй қоры бөлімінің статисі.

Бұл туралы моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы хабарлады.

«Соңғы үш жылда орта есеппен әр жеті минут 16 секунд сайын бір бала дүниеге келіп, 27 минут 46 секунд сайын бір адам қайтыс болады, ал Моңғолия халқының саны әр тоғыз минут 55 секунд сайын бір адамға артып келеді екен» деп жазады моңғолиялық басылым.

Kaznews дерегінше, 1962 жылы Моңғолия халқының саны 1 миллион болса, 1988 жылы ел екі миллион, 2015 жылы үш миллионға жетті.

2033 жылы 4 миллионға, 2048 жылы 5 миллионға жетеді деген болжам бар.

Моңғолия халқының саны 3,5 миллионға жетті
Фото: kaznews.mn

Астана процесінің жаңа раунды өтеді - Parstoday

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек,

Сирия бейбіт келіссөздері Астана процесі аясында кепілгер елдер өкілдерінің өтінішінен кейін 24-25 қаңтар аралығында Қазақстанның астанасында өтеді.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі де хабарлады.

Өткен жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Астана келіссөздерінің 20-шы раундын соңғы кездесу ретінде жариялағанына қарамастан, бұл процесті жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Ирандық басылымның бұл ақпараты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтің мәлімдемесіне негізделген.

«Кепілгер елдердің ұжымдық өтініші негізінде 2024 жылдың 24-25 қаңтарында Астана процесі аясында 21-ші Сирия халықаралық кездесуі өтеді», - деген ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

Сонымен қатар осы аптада «Parstoday»-де «Иранның мұнай табысы 34 миллиард долларға жетті» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

АҚХА (Атом қуаты халықаралық агенттігі) Иранның 2023 жылдың 9 айында мұнай табысының 34 миллиард доллар болғанын жариялады.

Ирандық ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, АҚХА өз есебінде Иранның 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында мұнайдан түскен жалпы кірісін 33 миллиард 900 миллион доллар деп бағалаған.

2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Иранның мұнай табысы ОПЕК-тің осы кезеңдегі жалпы кірісінің 12%-ына тең болды.

Иранның 2023 жылдың 9 айында мұнай сатудан түскен 34 миллиард долларлық мұнай табысы 2020 жылдың 12 айында Иранның мұнай табысынан екі есе көп болды.

2022 жылы Иранның мұнай сатудан түскен жалпы табысы 54 миллиард долларға жеткен екен.

АҚХА ОПЕК-ке мүше 13 елдің 2023 жылдың 9 айында мұнайдан түскен жалпы кірісін 281 миллиард 200 миллион долларға есептеді.

Иранның мұнай табысы 34 миллиард долларға жетті
Коллаж: Pexels

Өзбекстанда халық саны күн сайын орта есеппен 2,1 мың адамға артып келеді - «ӨзА»

Өзбекстан халқы 2023 жылдың әр айында орта есеппен 64 600 адамға көбейген. Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарында Өзбекстанның тұрақты тұрғындарының саны 36 799 756 адамды құрады.

Республикада халық саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға артқан. Бұл туралы өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады. 

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, 2023 жыл күн сайын тұрақты тұрғындарының саны орта есеппен 2,1 мың адамға көбейген.

Сондай-ақ, «ӨзА» ақпараттық агенттігінде «Ташкент облысында дрон шоуы ұйымдастырылды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Демалыс күндері ұйымдастырылған түрлі-түсті дрон шоуы Ташкент облысы «Янгийўл» қаласының тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған.

Қала әкімдігі серіктес ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылған шарада 400 дрон ұшырылған. Олардың көмегімен Өзбекстан тәуелсіздігінің рәміздері, қысқы көріністер, Жаңа жыл мерекесіне байланысты суреттер түрлі түсте бейнеленді.

Өзбекстандық басылымның дерегінше, шара барысында қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Осы шоуды тамашалауға жергілікті қауым өкілдері мен жастар, қала қонақтары келген.

Сонымен қатар, осы аптада «ӨзА»-да «Түркі елдерінің жеңіл атлетика қауымдастығы» құрылады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, жеңіл атлетикадан халықаралық спорт ұйымдарының саны тағы біреуге артады деп күтілуде.

Бүгінде Түркия Республикасының бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымы аясында «Түркі жеңіл атлетика қауымдастығын» құру жұмыстары жүргізілуде.

«Бұл шаралар сәтті аяқталса, жеңіл атлетикадан тағы бір халықаралық спорт ұйымы – «Түркі мемлекеттерінің жеңіл атлетика қауымдастығы» өз қызметін бастайды. Демек, жеңіл атлетикадан жарыстар мен чемпионаттар көбейіп, жастардың осы спорт түрімен айналысу аясы кеңейеді», деп жазады Uza.

Өзбекстанда халық саны күн сайын орта есеппен 2,1 мың адамға артып келеді
Фото: Pexels

Қытайда 2023 жылғы көлік өндірісі мен олардың сатылымы 30 млн-нан асты – CNR

Қытайдың автомобиль өнеркәсібі қауымдастығының жариялаған мәліметінше, 2023 жылы елде автомобильдер өндірісі мен сатылымы сәйкесінше 30,161 миллион және 30,094 миллионға жетіп, тиісінше 11,6% және 12%-ға өскен.

Бір жылдағы өндіріс пен сатылым бойынша рекордтық деңгейге жеткен, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы»

Олардың ішінде жаңа энергетикалық көлік құралдарын өндіру және сату 9,587 млн және 9,495 млн-ға жетіп, тиісінше 35,8%-ға және 37,9%-ға ұлғайды, ал нарық үлесі 31,6%-ға жеткен.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, қазір электромобильдер Қытай автокөлік өнеркәсібінің маңызды бөлігіне айналып, экспорт бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген. 2023 жылдың соңында, Қытайдың өз маркасы Бивайди (BYD) дүниежүзіндегі ең үлкен электрлік көліктер жасайтын кәсіпорынға айналды.

Болашақта Қытай дүниежүзінде ең көп көлік экспорттайтын елге айналуды мақсат етіп отыр.

Китай машиностроение
Фото: DALL-E