Түркияның әзірге Еуроодаққа қосылуы мүмкін емес - Германия
АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат - Германия Түркияның Еуропамен жан-жақты жақындасуын қолдайды, бірақ оның әзірге Еуроодаққа мүше болуы мүмкін емес,- деп санайды ГФР-дің сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле. Бұл туралы РБК агенттігі хабарлайды.
«Түркия сияқты стратегиялық маңызды серіктестің Еуропаға бағыт алуын біз жан-жақты қолдаймыз», -деп мәлім етті министр Ыстамбұлда түркиялық әріптесі Ахмет Дәуітоғлымен келіссөзден кейін.
Г.Вестервеле мырзаның айтуынша, Берлин Түркияның Еуроодаққа қосылу мүмкіндігіне жол ашатын келісімшарттар мен келісімдердің орындалғанын қолдайды. Дегенмен, министр, келіссөздердің «әділ, ашық, іскерлік негізде және ешқандай астыртын ойларсыз жүргізілуі» керек екенін айта келе, әзірге Түркияның Еуроодаққа қосылуы мүмкін емес екенін атап көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, Түркияның Еуроодаққа қосылуын Италия, Португалия сияқты елдер қолдап отыр, бірақ Франция мен Германия оған үзілді-кесілді қарсы. Германия канцлері Ангела Меркельдің пікірінше, Түркия Еуроодаққа қосылудың орнына, оның ерекше дәрежелі серіктесі мәртебесін алуы керек.