20:44, 16 Қазан 2016 | GMT +5
Түркияның Газиантеп қаласында тағы бір жанкешті өзін жарып жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының тағы бір жанкештісі Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Газиантеп қаласында өтіп жатқан полиция операциясы кезінде өзін жарып жіберді.

Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.
Бұған дейін Газиантеп губернаторы Али Ерликая осы қаладағы шағын аудандардың бірінде полиция операциясы кезінде бір жанкешті өзін жарып жібергенін хабарлаған болатын. Оқиға салдарынан үш сақшы қаза тауып, 8 тұрғын жарақат алған еді.
Екінші жарылыс құрылыс алаңында болды. Онда жанкештіні тәртіп сақшылары қоршауға алған. Жарақат алғандар туралы мәлімет жоқ, алайда оқиға болған жерге жедел жәрдем көліктері келіп жеткен.
Тамыз айында аталған қалада үйлену тойы кезінде жанкешті шабуыл жасап, 56 адам жарылыс құрбаны болған еді. Түркия президенті Режеп Тайип Эрдоған бұл лаңкестікті «ИМ» жасады деген болатын. Ал жанкешті небары 14 жастағы жасөспірім екені анықталған.