Түркияның оңтүстігінде жер сілкінді: қазақстандық туристер зардап шеккен жоқ

«ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитеті 2013 жылдың 27 желтоқсанында Түркияның оңтүстігінде жергілікті уақыт бойынша сағат 17.21-де магнитудасы 5,9 болатын жер сілкінісі болғанын хабарлайды», - делінеді хабарламада.
Еуропалық-жерорта теңізінің сейсмологиялық орталығының деректері бойынша, жер дүмпуінің ошағы Кипрдің астанасы Никосия қаласынан солтүстік батысқа қарай 208 шақырым және Анталиядан оңтүстік шығысқа қарай 113 шақырымдағы теңіздің 64 шақырым тереңдігіндегі түбінде болған.
Қаза болғандар, қирағандар және цунамидің болу қауіпі туралы деректер түскен жоқ.
Түркияда демалып жүрген қазақстандықтарға бұл оқиға ешқандай қиындық туғызған жоқ. Туристік агенттік қызметкерлеріне қазақстандық туристерден ол туралы ешқандай шағым түспеген.