Түркияның орталық банкі лира бағамының төмендеуіне байланысты шұғыл отырыс өтетінін хабарлады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Орталық банкі несие-қаржы саясаты бойынша комитеттің шұғыл отырысының ертең өтетіндігін жариялады, деп хабарлады РБК. Оған Еуро мен АҚШ долларына шаққандағы түрік лирасы бағамының күрт төмендеуі себеп болған.
Банк жиын барысында жақында орын алған оқиғалар мен бағаны тұрақтандыруға арналған шаралар талқыланатынын мәлімдеді. ОБ-ның хабарландыруы АҚШ долларының 2,3420 лираға дейін нығаюына алып келді. Оның бүгін таңертеңгі рекордты төмен бағамы 2,39 лира-долларды көрсетті. Еуроға шаққанда лира 0,5 пайызға, яғни, 3,17740 лира-еуроға дейін төмендеді.
Түркияның қаржылық нарығындағы бұл төмендеудің қосымша себебі - мемлекеттік құрылыс секторы саласындағы жемқорлыққа қарсы күрес шараларының жүргізілуі. Өткен аптада Орталық банк базалық пайыздық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде ұстап тұруға шешім қабылдап еді. Сарапшылар банктің пайыздық мөлшерлемені көтермеуінің себебін елдегі экономикалық өсімнің баяулауымен, сонымен бірге, алда келе жатқан 2014 жылдың наурыз айында өтетін аймақтық сайлаулармен байланысты болуы мүмкін деп болжап отыр.
Соңғы рет Түркия Орталық банкінің шұғыл отырысы 2011 жылы өтті, онда базалық пайыздық мөлшерлемені 5,75 пайыздан 6,25 пайызға дейін төмендету шешімі қабылданған.
Үкімет, Түркия экономикасының өсімі 2013 жылғы 3,6 пайыздан 2014 жылы 4 пайызға жетеді деп болжап отыр. Бұл 2010 және 2011 жылдардағы 8 пайыздық өсімнен әлдеқайда төмен.
Capital Economics сарапшылары дамушы елдердегі турбуленттілік (оның қатарында Түркия да бар) «жаңа дағдарыс» туралы сөз қозғауға негіз болады деп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Түркия Федералды қор жүйесінің АҚШ мемлекеттік құнды қағаздарын сатып алу бағдарламасын тоқтату туралы шешімінің салдарынан «осал» елдердің қатарына кірген. 2013 жылы желтоқсанда АҚШ мемлекеттік құнды қағаздарын сатып алудың айлық көрсеткіші 85 млрд-тан 75 млрд. долларға түскен.