Түркияның "Сема" клиникасы Алматыда медициналық орталығын ашады
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Түркияның емдік және кәсіби сауықтыру мекемелерінің қазақстандық әріптестерімен болған кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бұл біздің шет елдегі алғашқы орталығымыз болмақ. Қазір жалға алынған ғимаратты емхана жағдайына келтіріп жатырмыз. Онда - гинекология, балаларға алғашқы көмек, жалпы хирургия, ішкі аурулар, кардиология, көз-құлақ, стоматология, электрорентген, маммография мен радиологиялық, томографиялық, биологиялық химия, микробиолгия және сүйектердің өлшемін анықтайтын орталықтар болады", дейді Сема клиникасының үйлестірушісі Мехмет Оксүс. Оның айтуынша, бастапқы кезде дәрігерлердің көбі Түркиядан келмек. Алғашқы кезеңде 70 адам жұмыс жасайтын бұл орталық күніне 250 адамға қызмет көрсеткелі отыр. Онда шағын шұғыл операциялар жасалып, ауыр жағдайдағы науқастарға Түркияда көмек көрсетіледі деп жоспарлануда.