Түркияның шығыс бөлігінде Иран газы тасымалданатын құбырда күшті жарылыс болды

АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат - Түркияның шығыс бөлігінде, Ираннан табиғи газ тасымалдайтын газ құбырында күшті жарылыс болды. Оқиға Иран шекарасынан 35 шақырым жердегі Догубаязит қаласы маңындағы Агри провинциясында орын алды, деп хабарлайды РБК.

Түркияның шығыс бөлігінде Иран газы тасымалданатын құбырда күшті жарылыс болды

Оқиға салдарынан жақын маңайдағы ғимараттарға зақым келді. Бірақ, опат болғандар мен зардап шеккендер жөнінде ақпарат жоқ, деп хабарлады Түркияның билік өкілдері.

Қолда бар мәліметтерге қарағанда, газ құбырындағы жарылыс өртке ұласқан. Оқиға орнына жедел түрде полиция мен өрт сөндірушілер бригадасы жеткен. BOTAS мемлекеттік құбыр тарту компаниясының өкілдері қала орталығындағы және Гурбулак шекара маңындағы өткізгіштерді жапқан соң ғана, өртті ауыздықтаудың мүмкіндігі туды.

Жарылыс себебі анықталу үстінде. Өрт толық өшірілген соң ғана, тергеу жұмыстарын бастау мүмкін болады, дейді түрік билігінің өкілдері.