Түркияның Сома қаласындағы қайғылы оқиғаға байланысты тәртіпсіздіктер басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы мәліметтер бойынша Түркияның Сома қаласында жергілікті шахтадағы жарылыстан 274 кеншінің қаза табуына байланысты тәртіпсіздіктер басталды. Бұл туралы «Интерфакс» хабарлады.

Түркияның Сома қаласындағы қайғылы оқиғаға байланысты тәртіпсіздіктер басталды

Тәртіпсіздікке қатысушылар үкімет басшысы Реджеп Тайип Эрдоғанға наразылық білдірген, оны ұры, кісі өлтіруші деп атаған.

Наразылыққа шығып, Әділеттілік және даму партиясының аймақтық бөліміне бет алғандардың алдына тәртіп сақшыларының тосқауылы қойылды. Сонымен бірге ол жерге суатқыштар да шақырылған. Полиция қызметкерлерінің газ тұмылдырығын киіп алғандары да байқалған. Алайда олардың арнайы құралдарды қолданғаны жайлы ақпарат келіп түскен жоқ.

Осыған дейін түрік басылымдарында көш басындағы Әділеттілік және даму партиясының депутаттары осы жылдың сәуір айында Сома маңындағы көмір шахталарының бірқатарында, соның ішінде жарылыс болған жерде қауіпсіздікті сақтау ережелерін тексеру туралы өтінімді қабылдамағаны жайлы ақпарат шыққан болатын.

Шетелге сапарын шегеріп, Сомаға барған Эрдоған осы жағдайға байланысты айыптылардың бәрі жазаланады деп уәде берді. Қазіргі уақытта 400-ге жуық құтқарушы аман қалғандарды іздестіріп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 12 мамыр күні Сома түбіндегі шахтада жарылыс орын алды. Қазіргі уақытта 274 кеншінің қаза болғаны жайлы ақпарат расталды. Шахтадағылардың көбі улы газдан тұншығып мерт болған. Жарылыс кезінде оқиға орнында барлығы 790-ға жуық жұмысшы болған, олардың әзірге жартысынан азын ғана құтқару мүмкін болды.