Түркияның Жизра қаласында полиция ғимаратын жарып жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан Жизра қаласындағы полиция басқармасының ғимараты жойқын жарылыстан толық қирады, деп хабарлайды NTV арнасы.
Осыған дейін түркиялық БАҚ жергілікті уақытпен таңғы 7-де полиция ғимаратынан 50 метр жердегі жол бақылау-өткізу бекетінде жарылыстың болғанын, жаралылар бар екенін хабарлаған еді. Оқиға орнында жедел жәрдем көлігі жұмыс істеуде.
Расталған ақпаратқа сүйенсек, мина қойылған көлік жарылғанда полиция ғимараты жанында болған 25 адам түрлі жарақат алып, бір полицей көз жұмған.
Билік терактті Түркияда тыйым салынған Күрдістан Жұмысшылар партиясы ұйымдастырды деп айыптап отыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, бақылау-өткізу бекетіне мина қойылған автокөлік баса-көктеп кірген, деп хабарлайды РИА Новости.
Куәгерлердің айтуынша, қазір теракт орнына жақын орналасқан қару қоймасынан жарылыс дауыстары естілуде.