Түрікменстан экономикасына инвестиция салуға дайынбыз – Мұрат Нұртілеу
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Түрікменстанды Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына қосылуға шақырды. Бұл туралы бүгін Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты.
«Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастыққа келетін болсақ, биылғы жыл көптеген ауқымды іс-шараға толы. Осы тұста, өзара биік және жоғары деңгейдегі сапарларға, мемлекет басшыларының көпжақты форматтағы кездесулеріне ерекше назар аударылды. Алдағы іс-шараларды сапалы әрі мазмұнды қамтамасыз ету жөнінде кешенді жұмыс жүргізуге уағдаластық. Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолдары қарастырылып, сауда, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы өзара мүдделік танытылып отырған бірқатар мәселелер көтерілді», - деді Мұрат Нұртілеу.
Оның дерегінше, соңғы бес жылда екіжақты сауда шамамен төрт есе ұлғайды. Өткен жылдың қорытындысында тауар айналымы 28 пайызға өсіп, 563 млн долларға жетті. Осы жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы сауда көлемі 100 млн доллардан асты.
«Орын алып жатқан позитивті үрдістер өзара саудамызды 1 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мемлекет басшыларының тапсырмасын жақын болашақта орындауға үлкен сенім ұялатады. Бұл тұрғыда, екіжақты тауар айналымының номенклатурасын кеңейтуге, өңіраралық ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды дамытуға назар аударылды. Оған қоса, сауда айналымын ұлғайту бойынша жұмыс тобы қызмет атқаруда. Ауыл шаруашылығы саласында да жағымды өзгерістер байқалады. Былтыр аграрлық өнім айналымы 20%-ға өскен. Аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ортақ күш-жігер салу қажеттілігі де тараптарымыздың қолдауын тауып отыр. Түрікмен баурларымызды Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына қосылуға шақырдым. Инвестициялық ынтымақтастығымыз да белсенді түрде дамып келеді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, елімізде тіркелген 100-ден астам түрікмен компаниясы екіжақты кооперацияға қомақты үлес қосып отыр.
«Өз кезегінде, Түрікменстанның экономикасына инвестициялар салуға дайынбыз. Осы тұста, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою маңызды», - деді вице-премьер.