Түрікменстан газ өндіру көлемін ұлғайтады

АСТАНА. KAZINFORM — 2050 жылы Түрікменстандағы газ өндіру көлемі екі есеге артып, 150 миллиард текше метрге жетеді. Бұл болжаммен Газ экспорттаушы елдер форумының бас хатшысы Мұхаммед Хамель бөлісті, деп хабарлайды Turkmenportal.

Түркіменстан газ өндіру көлемін ұлғайтады
Фото: QazaqGaz

— Әлемдегі екінші ірі газ кен орнын игеру және құбыр желісінің кеңеюі Түрікменстанға қазіргі газ өндіру көлемін екі есеге жуық арттыруға мүмкіндік береді. Газ экспорттаушы елдер форумының болжамы бойынша, ғасырдың ортасына қарай елдегі өндіріс көлемі 150 миллиард текше метрден асады, — деді Газ экспорттаушы елдер форумының бас хатшысы Мұхаммед Хамель Малайзия астанасында өткен TEIF 2025 халықаралық форумында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, қарқынды дамып келе жатқан энергетикалық инфрақұрылымның арқасында Түрікменстан Қытай, Орталық Азия, Таяу Шығыс елдерімен тығыз байланыс орнатып, болашақта Еуропаға да газ экспорттай алады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елдегі газ өндіру көлемі 77,6 миллиард текше метр.

Хамельдің айтуынша, Газ экспорттаушы елдер форумы болжамдарына сәйкес, Қытай мен Үндістан табиғи газдың ең ірі тұтынушыларына айналады, олардың үлесіне жаһандық тұтыну өсімінің үштен бірінен астамы тиесілі болады.

— 2050 жылға қарай Қытайдағы газ тұтыну көлемі 660 миллиард текше метрден асып, оны АҚШ-тан кейінгі екінші ең ірі тұтынушы етеді. Ал Үндістанда газдың ұлттық энергетикалық теңгерімдегі үлесі артып, сұраныс екі еседен аса өсіп, шамамен 230 миллиард текше метрге жетеді, — деді ол.

Бұған дейін Түрікменстан елдегі ең ірі кен орны  «Галкынышта» газ өндіру көлемін арттыруды жоспарлап отырғаны хабарланған.

Айта кетелік Өзбекстан мен Түрікменстан өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізбек

Соңғы жаңалықтар