Түрікменстан Президенті су ресурстары бойынша өңірлік кеңес құруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Түрікменстан Президенті Сердар Бердымұхамедов өңірлік экологиялық саммитте трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану мәселесіне ерекше назар аударды.

Түрікменстан Президенті су ресурстары бойынша өңірлік кеңес құруды ұсынды
Фото: Ақорда

Оның айтуынша, Орталық Азия елдері бүгінде су тапшылығы, жердің тозуы, шөлейттену және биоалуантүрліліктің азаюы сияқты өзара байланысты күрделі экологиялық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.

Осыған байланысты Президент трансшекаралық өзендерді пайдалану ортақ әрі нақты қағидаттарға сүйенуі тиіс екенін атап өтті.

Түрікменстан Президенті су ресурстары бойынша өңірлік кеңес құруды ұсынды
Фото: Ақорда

— Біріншіден, халықаралық конвенциялар мен келісімдерді қатаң сақтау қажет. Екіншіден, барлық мемлекеттердің мүддесі тең дәрежеде ескерілуі тиіс. Үшіншіден, бұл үдеріске халықаралық ұйымдар, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы белсенді қатысуы қажет, — деді Сердар Бердымұхамедов.

Ол су ресурстарын тиімді басқару үшін өңірлік деңгейде үйлестіруді күшейту маңызды екенін айтып, арнайы құрылым құруды ұсынды.

— Осыған орай, Орталық Азия елдерінің су ресурстарын пайдалану мәселелері бойынша өңірлік кеңес құруды ұсынамыз. Бұл бастама елдер арасындағы өзара іс-қимылды жүйелеуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Сонымен қатар, Түрікменстан басшысы өңірдегі ірі экожүйелердің жай-күйіне де тоқталды. Атап айтқанда, Каспий теңізінің экологиялық ахуалын сақтау барлық жағалаудағы мемлекеттер үшін ортақ міндет екенін атап өтті.

Осы ретте ол Арал теңізі мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Президенттің сөзінше, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру – өңір елдерінің ортақ жауапкершілігі.

— Аралды сақтау – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы жұмысты күшейту қажет, — деді Сердар Бердымұхамедов.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан Қазақстанмен және өзге көршілерімен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайын екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар